"Крым.Реалии" сайтымен жұмыс істеген журналист алты жылға сотталды

Владислав Есипенко.

Ресей аннексиялап алған Қырым түбегіндегі сот "Крым.Реалии" сайтының штаттан тыс тілшісі Владислав Есипенконы алты жылға бас бостандығынан айырды. Ресей арнайы қызметі оны "жарылғыш зат жасады және сақтады" деп айыптаған.

Ресей және Украина азаматы Владислав Есипенко 2021 жылы наурызда украин арнайы қызметінің мүддесіне жұмыс істеді деген айыппен Қырымда ұсталған.

Есипенкоға тәуелсіз адвокаттар бір ай бойы кіргізілмеді. Ол алғаш кінәсін мойнына алып, бірақ кейін бас тартқан. Айыпталушы кінәні мойнына алу үшін азапталғанын, ұстау кезінде жанына граната салып қойғанын мәлімдеген.

"Азат Еуропа/Азаттық радиосының" президенті Джейми Флай журналиске шыққан сот үкімін ақылға сыймайды деп атады.

"Журналистер тек дәйек қана айтады. Олар ешқашан қамалмауы тиіс. Владислав тезірек босатылып, үйіне, отбасына қайтуы тиіс", - деді Флай.

АҚШ билігі мен халықаралық құқық қорғаушы ұйымдар журналисті бостандыққа шығаруды талап еткен.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ АЕ/АР президенті Қырымда журналист Владислав Есипенконың қамалуын айыптады